Қазақстанда заңсыз ойын бизнесімен күрес жалғасуда. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) департаменттері заңсыз казиноларға байланысты қылмыстық схемаларды анықтады. Мұндай мекемелердің көлеңкелі кірістері жүздеген миллион теңгені құрайды.
Маңғыстау облысында қылмыстық топ компьютерлік клуб атын жамылып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Бәс тігулер банктік аударымдар арқылы қабылданған: қатысушылар құмар ойындарға қол жеткізе отырып, платформаға тіркелген.
Тергеу нәтижесінде қылмыстық кіріс 77 миллион теңгені құрайтыны белгілі болды. Бұл ақшаға алаяқтар жалпы құны 36 миллион теңгені құрайтын Toyota Land Cruiser және Mercedes-Benz 320 маркалы автокөліктерді сатып алды. Сот оларды заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, қылмыстық топқа қатысқаны үшін кінәлі деп тапты. Олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, қылмыстық кіріске сатып алынған мүліктері тәркіленді.
Сондай-ақ 10 ақпанда ҚМА департаменті Ақтөбе облысының прокуратурасымен келісе отырып, заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған қылмыстық топтың жолын кесті. Ұйымдастырушылар қылмыстық кірістерді сіңіру үшін банктік карталарды рәсімдейтін бөгде адамдарды пайдаланған. Онлайн-казиноның жалпы табысы 306 миллион теңгені құрады.
Сот ұйымдастырушыларға қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Құқық қорғау органдарының белсенді әрекеттеріне қарамастан, астыртын казинолар мен заңсыз онлайн платформалар жұмысын жалғастыруда. Олардың өркендеуінің басты себебі-қатаң шектеулерге байланысты заңды сектор толық қанағаттандыра алмайтын құмар ойындарға деген сұраныс. Ресми ойын мекемелері қатаң реттеуге байланысты шектеулі болса да, заңсыз казинолар бұл кедергілерді айналып өтіп, клиенттерге ыңғайлы және қол жетімді форматтарды ұсынады.
Жасырын казинолармен күресу тек құқық қорғау органдарының қатаң шараларын ғана емес, сонымен қатар заңды ойын секторындағы түбегейлі реформаларды талап етеді. Ресми казинолар мен ойын автоматтарының залдары бюрократиялық қиындықтар мен қатаң шектеулерге тап болған кезде, заңсыз ойын нарығы өркендеп, қылмыстық құрылымдарға миллиардтаған пайда әкеледі. Нәтижесінде мемлекет экономиканы, әлеуметтік саланы және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын орасан зор салық түсімдерін жоғалтады.