Медицинаның жетістіктеріне қарамастан, вакцинацияның айналасында әлі де көптеген аңыздар мен күмәндар бар. Вакцинация не үшін қажет, вакцинациядан кейін иммунитет қалай жұмыс істейді, шынымен вакциналар қауіпті болуы мүмкін бе? Осы және басқа да сұрақтарға эксклюзивті сұхбатта Қонаев қаласының көпсалалы қалалық аурухана дәрігер-эпидемиологы Саржанов Ерлан Жарылқапұлы жауап береді.
– Ерлан Жарылқапұлы, басты нәрседен бастайық: қарапайым сөзбен түсіндіргенде, вакцинация дегеніміз не?
— Вакцинация –қауіпті жұқпалы ауруларды алдын ала танып, ағзаны оған қарсы тұруға бейімдеу тәсілі.
Біз адам ағзасына әлсіреген немесе ішінара жойылған микроорганизмнің шағын, қауіпсіз мөлшерін енгіземіз, осылайша иммундық жүйе онымен танысады, және сол ауруға нақты тап болған кезде бірден есіне түсіреді де оны жоя алады.
Вакцина енгізілгеннен кейін иммундық жүйе оны қауіп ретінде қабылдайды және қорғаныс антиденелерін шығара бастайды. Бұл антиденелер қоздырғышты «есте сақтайды». Келешекте, егер дене нақты вируспен немесе бактериямен бетпе — бет келсе, иммунитет дайын болады-ол тез және тиімді жұмыс істейді. Бұл нағыз зиянды микроорганизмдермен кездескенге дейін иммундық жүйеге арналған жаттығу құрылғысының бір түрі.
– Вакциналардың қандай түрлері бар?
– Ағзаны қорғаудың екі негізгі тәсілі бар.
Белсенді иммундау — бұл вирустар мен бактериялардың әлсіреген немесе өлтірілген формалары бар вакцинаны енгізу. Бұл антиденелердің табиғи түзілуін ынталандырады. Иммунитеттің бұл түрі бірден қалыптаспайды, бірақ ұзақ және сенімді қорғауды қамтамасыз етеді.
Пассивті иммундау — бұл адамға дайын антиденелерді енгізу. Тез әсер етеді, бірақ ұзаққа созылмайды — әдетте екі айдан аспайды.
Вакциналардың көпшілігі инъекция түрінде енгізіледі, тамшы түрінде де болады — мысалы, полиомиелитке қарсы вакцина. Барлық препараттар тиімділігі мен қауіпсіздігін жоғалтпау үшін, тасымалдау және енгізу шарттарын қатаң сақтауды талап етеді.
– Егу күнтізбесі дегеніміз не және оны сақтау неге маңызды?
– Бұл нәресте кезінен бастап, адамның өмір бойы жүргізілетін міндетті профилактикалық егулердің кестесі. Ол ғылыми зерттеулер мен халықаралық стандарттар негізінде жасалған. Қазақстанда күнтізбе туберкулез, гепатит В, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит пен қатар басқа да ауруларды қамтиды. Күнтізбені сақтамау адамның өзі үшін және қоғам үшін де қауіптерді арттырады.
– Ал егер қандай да бір себептермен егу өткізілмесе?
– Ештеңе етпейді — бұл олқылықтың орнын толтыру керек. Алынбаған екпелерді салғызуға мүмкіндік беретін арнайы вакцинация схемалары бар. Ең бастысы, елеусіз қалдырмай, дәрігермен кеңесіп, жеке жоспар құру.
– Адамдар көбінесе жанама әсерлердің пайда болуынан қорқады. Вакцинация қаншалықты қауіпсіз?
– Бұл жиі қойылатын сұрақтардың бірі және бұл заңдылық. Бірақ бәрін өз орнына қояйық. Әрбір вакцина емханаларға түспес бұрын клиникалық сынақтардың қатаң кезеңдерінен өтеді. Оның қауіпсіздігі, тиімділігі және ағзада пайда болуы мүмкін реакциялары зерттеледі.
Иә, шамалы жанама әсерлер болуы мүмкін-көбінесе бұл инъекция орнының қызаруы, аздап дене қызуының көтерілуі немесе әлсіздік. Бұл асқыну емес, өздігінен өтетін қалыпты иммундық жауап.
Ең бастысы, аурудың өзінен болатын қауіптер вакцинацияға ықтимал реакциялардан ондаған есе жоғары екенін түсіну.
– Ал егер адамның денсаулығында кінарат болса, оған екпе салуға болады ма?
– Уақытша қарсы көрсетілімдер бар. Мысалы, жоғары температура, жедел ауру немесе созылмалы аурудың өршуі кезінде вакцин салу кейінге қалдырылады. Сондай ақ вакцинаның компоненттеріне аллергияның жеке жағдайлары да болады – бірақ, бұл өте сирек кездеседі.
Осы үшін вакцинация алдында міндетті тексеру жүргізіледі. Дәрігер жалпы жағдайды бағалайды, анамнез жинайды және қажет болған жағдайда қосымша тексеруді тағайындайды. Вакцинация формальдылық емес, салмақты медициналық шешім.
– Егер адам қандай екпе алғанын білмесе және медициналық картасы жоғалса не істеу керек?
– Негізгі инфекцияларға антиденелерді анықтау үшін қан талдауын тапсыруға болады. Егер антиденелер болмаса, онда иммунитет жоқ және вакцинация қажет. Біз мұндай диагностиканы жиі жасаймыз, әсіресе ересектерге екпе жасамас бұрын.
— Ең көп таралған қорқыныштардың бірі-вакцина балаларда аутизмді тудырады. Бұл туралы не айта аласыз?
– Бұл көптен бері теріске шығарылған ақпарат. Бұл аңызға негізделген зерттеу сенімсіз деп танылып, оның авторы жазасын алды. Жүздеген ірі халықаралық зерттеулер ешқандай вакцина аутизмді тудырмайтынын дәлелдеді. Бұл ата-аналары балаларына қауіп төндіретін өте зиянды аңыз.
– Жалпы қоғамды қорғауда вакцинацияның рөлі қандай?
– Бұл жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қорғауы. «Топтық иммунитет» деген ұғым бар: көпшілігі вакцинацияланған кезде инфекция жай ғана таралмайды. Бұл әсіресе медициналық себептермен вакцина ала алмайтындарға өте маңызды — мысалы, кішкентай балалар немесе онкологиялық науқастар. Вакцинация арқылы біз оларды да қорғаймыз.
– Ерлан Жарылқапұлы, біздің оқырмандарға вакцинацияға қатысты қандай кеңес берер едіңіз?
– Аурудың келгенін күтпеңіз. Емдеуден гөрі алдын-алған жақсы. Вакцинация-бұл Сіздің және жақындарыңыздың денсаулығына инвестиция. Тек дәлелденген ақпаратқа сеніңіз, дәрігерлермен кеңесіңіз, дүрбелең мен аңызға қарсы тұрыңыз. Қазіргі кезде ауыр инфекциялардың алдын алу үшін барлық құралдар бар — ең бастысы — бұл мүмкіндікті жіберіп алмау.
Ақпарат танысу мақсатында ұсынылады, медициналық кеңес немесе емдеу нұсқаулығы болып табылмайды. Өз-өзіңізді емдемеңіз, егер аурудың белгілері пайда болса, дәрігермен жүгініңіз.