Біз бірнеше рет атап өткендей, ресми түрде туризм индустриясының бөлігі болып саналатын лицензияланған ойын бизнесі қаншалықты әлсіз болса, көлеңкелі және заңсыз онлайн-сектор соншалықты күшейе түседі. Бүгінгі статистика мен тәжірибе осыны айқын дәлелдеп отыр.
Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) соңғы екі жарым жыл ішінде 205 заңсыз казиноны жапты және 224 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты. ҚМА деректеріне сәйкес, ел ішінде астыртын ойынханалардың қызметі іс жүзінде тоқтатылған, алайда қауіп цифрлық кеңістікке ауысты.
Қазіргі таңда басты қатер — шетелдік онлайн-казинолар. Биылдың өзінде ҚМА 17 мыңнан астам интернет-сілтемені бұғаттады, олардың басым бөлігі 34 алаңшаның «айна» нұсқалары. Бұдан бөлек, онлайн құмар ойындарға қатысушылардың есепшоттарын толықтыру мен қаржыны шығарып алуды қамтамасыз еткен отандық төлем ұйымдарының қатысы анықталды.
Қосымша алаңдатарлық жайт — жарнама. Заңсыз алаңшалардың иелері қазақстандық миллиондаған жазылушысы бар блогерлерді белсенді түрде пайдаланады. ҚМА деректерінше, биыл онлайн-казиноны насихаттауға қатысы бар 34 инфлюенсер анықталған. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, тағы 23-іне қатысты материалдар тиісті органдарға жіберілді. Шын мәнінде, блогерлер заңсыз платформалар мен аудитория арасында делдалға айналып, жазылушылардың сенімін пайдалана отырып, оларды қаржылық қақпанға түсіруде.
Осы тұста заңды сектор бәсекеге қабілетті балама ұсына алуы үшін мүдделі органдар мен сарапшылар тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Қарапайым азаматқа көлеңкелі жобаларға қарағанда заңды, реттелетін және қауіпсіз нұсқаның бар екені қалай жеткізіледі? Бұл бағыттағы жұмыстың нақты ауқымы қандай және тиімді түсіндіру науқандарының мысалдарын келтіруге бола ма?
Бір анығы-заңды саланың жүйелі қолдауынсыз онлайн казино мәселесін шешу туралы айтудың әлі ерте екені, ашық және бақыланатын нарықты дамытуға мемлекеттің назарының кез келген әлсіреуі бірден заңсыз құрылымдарға жол ашады.