В городе Қонаев вдоль автомобильных дорог размещена наружная реклама казино, расположенного в Кыргызской Республике. На рекламных конструкциях прямо указано, что речь идёт об игорном заведении в Бишкеке, а также приведён контактный номер телефона. Фактически гражданам Казахстана открыто предлагается выехать за пределы страны для участия в азартных играх.
Қонаев қаласында автомобиль жолдарының бойына Қырғыз Республикасында орналасқан казиноның сыртқы жарнамасы ілінген. Жарнамалық конструкцияларда бұл ойын мекемесінің Бішкек қаласында екені анық көрсетіліп, байланыс телефоны да берілген. Осылайша, Қазақстан азаматтарына құмар ойындарға қатысу үшін ел аумағынан тысқары шығу тікелей ұсынылып отыр.
Бір қарағанда бұл шетелдік бизнестің әншейін жарнамасы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, мәніне үңілсек, мұндай баннерлер құмар ойындар саласындағы қолданыстағы шектеулердің жүйелік әлсіздігін айқын көрсетіп отыр.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстанда құмар ойындар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты — ойынқұмарлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту болды. Құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына тыйым салынған тұлғалардың тізімі кеңейтіліп, оған мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары, сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған азаматтар енгізілді. Белгіленген шектеулерді бұзғаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылған.
Іс жүзінде белгіленген шектеулер тек ел аумағында ғана қолданылады. Қазақстаннан тыс жерге шығу және шетелдік ойын мекемелеріне бару еш кедергісіз жүзеге асады, әсіресе мұндай казинолардың республика ішінде еркін жарнамаланатынын ескерсек. Алматы мен Бішкек арасындағы қашықтық 238 шақырымды құрайды, бұл тыйым салынған санатқа кіретін тұлғалардың көпшілігі үшін оңай қолжетімді.
Нәтижесінде айқын теңгерімсіздік қалыптасып отыр. Бір жағынан, мемлекет ел ішіндегі заңды құмар ойын бизнесін реттеуді күшейтіп, қатаң шектеулер енгізуде. Екінші жағынан, шетелдік казинолар ешқандай кедергісіз қазақстандықтарды, соның ішінде құмар ойындарға қатысуына тікелей тыйым салынған тұлғаларды да өзіне тартуда. Іс жүзінде күшейтілген бақылау тетіктері Қазақстан аумағынан шыға алмайтын адамдар үшін ғана тиімді болып отыр.
Жағдайды ушықтыратын қосымша фактор тыйым салынған онлайн-казинолардың белсенділігі. Бұл платформалар құқықтық өрістен тыс жұмыс істеп, салық төлемейді, пайдаланушыларды толық сәйкестендіруден өткізбейді және Қазақстан аудиториясына бағытталуын тоқтатпай келеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің деректеріне сәйкес, елден онлайн-казинолардың пайдасына шамамен 600 млрд теңге шығарылған, ал криптовалютадағы операциялар айналымы 200 млн АҚШ долларынан асқан. Бұл көрсеткіштер мәселенің ауқымын айқын көрсетіп, қаржылық әрі әлеуметтік тәуекелдердің жүйелік сипатқа ие екенін аңғартады.
Қонаев қаласындағы Қырғызстаннан келген казино жарнамасына қатысты жағдай заңнаманың мақсаттары мен оны қолдану тәжірибесі арасындағы алшақтықты айқын көрсетеді. Уәкілетті мемлекеттік органдар осы жарнаманың орналастырылуына құқықтық баға беріп, оның заңдылығын тексеріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда мұндай әрекеттердің жолын кесіп және олардың одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдайды деп күтеміз.
