Бүгіннен бастап Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс орталықтарының әкімдіктері ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік хаттамаларды өз бетінше толтыру құқығына ие болды. Бұған дейін мұндай өкілеттік тек полиция органдарына тиесілі еді.
Енді қоғамдық орындарға қоқыс, темекі тұқылын немесе өзге де қалдықтарды тастаған азаматтарға 10 АЕК (2026 жылы 43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 40 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған.
Осы уақытқа дейін жауапкершілік пен өкілеттік арасында қайшылық қалыптасқан болатын: тазалыққа әкімдіктер жауап бергенімен, құқық бұзушыларды тек полиция жазалай алатын. Соның салдарынан бақылау жүйелі сипатқа ие болмай, тиімділігі төмен болды.
Өкілеттіктерді жергілікті деңгейге беру бұл олқылықты жойып, «кім жауапты сол — бақылаушы» қағидатын күшейтеді.
