2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда электрлі самокаттарды пайдаланудың жаңа ережелері өз күшіне енеді. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдегендей, енді бұл құрылғылар ресми түрде көлік құралы болып саналатынын мәлімдеді.
Самокатты тек 18 жастан асқан азаматтар ғана басқара алады. Негізгі талаптардың бірі — кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы. Кәмелетке толмағандарға, жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға және көлік басқару құқығынан айырылған тұлғаларға самокат жалға беруге тыйым салынады. Егер бала ата-анасының аккаунтын пайдаланса, жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Бұл жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша шара қолданылады.
Жаңа талаптардың бірі — самокаттарды міндетті түрде тіркеу және сақтандыру енгізу. Сонымен қатар шілде айынан бастап тротуармен жүруге тыйым салу жоспарланып отыр. Самокаттар тек веложолақтарда, жол жиегінде және жолдың оң жақ шетімен қозғала алады.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, самокат жүргізушілері басқа да құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылады. Мысалы, қорғаныс құралдарынсыз жолға шығу ӘҚБтК-нің 620-бабы — «Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу» бойынша жауапкершілікке әкеледі. Ал сақтандырудың болмауы 230-бап — «Міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзу» бойынша қаралады.
Сондай-ақ жаяу жүргіншіні қағып кеткен жағдайда жауапкершілік жауапты компанияға емес, самокат жүргізушісіне жүктеледі.
