Қазақстан Президенті қол қойған Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қала дамуын басқару мен экономикада ерекше қағидаларға негізделген жаңа моделді іске қосады.
Арнайы құқықтық мәртебе Алатаудың еліміздегі өзге қалаларға ортақ нормалардан бөлек тетіктер арқылы дамитынын білдіреді. Бұл инвестиция тартуды жеделдету, технологияларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру үшін қажет.
Заңда кәсіпкерлік, қаржы нарығы, цифрлық активтер, кедендік реттеу және қала құрылысы салаларында ерекше ережелер қарастырылған. Сонымен қатар «Алатау резиденті» мәртебесі енгізіледі. Оны компаниялар мен азаматтар ала алады. Олар үшін арнайы шарттар, жеңілдіктер мен талаптар белгіленеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тиімді жұмыс істеу және Алатауды «ақылды қала» ретінде дамыту мақсатында инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздік жүйелеріне қатысты деректерді қалалық кеңістікті басқарудың бірыңғай цифрлық платформасына біріктіру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, құжат инвестициялық ахуал, инвесторларға кепілдіктер, жер қатынастары, экология және қаланың сәулеттік дамуын да реттейді. Билік жаңа мәртебе Алатауды инновациялар мен халықаралық бизнестің орталығына айналдыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
