Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӨНІМ ТҰТЫНУШЫЛАР ҮШІН КӨРІНЕКТІ БОЛА ТҮСЕДІ

Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдау шараларын кеңейту жоспарланып отыр. «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды ілгерілету талаптары енді тек дүкендерге ғана емес, маркетплейстерге де қолданылмақ.

ҚР Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айжан Бижанованың айтуынша, онлайн-платформалар қазақстандық өнімдер үшін арнайы бөлімдер ашып, оларды іздеу нәтижесінде басымдықпен көрсетуге міндеттеледі. Қазіргі таңда тиісті түзетулер келісу кезеңінен өтуде.

Қазір отандық тауарлар дүкен сөрелеріндегі ассортименттің кемінде 30%-ын құрауы тиіс. Ал «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын қолдау бағдарламаларын ескергенде, бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, жергілікті өндірушілердің өнімдері сатып алушыларға көрінетін жерде орналастырылуы қажет. Мұндай тәсілдің тиімділігін Nazarbayev University мен Magnum супермаркеттер желісі жүргізген тәжірибе көрсетті: төрт апта ішінде қазақстандық ірімшік сатылымы 20%-ға өскен. Эксперимент барысында дүкендерде қарапайым визуалды құралдар қолданылған: баннерлер, сөре бөлгіштері, стикерлер, сөре ленталары және «Қазақстанда жасалған» таңбасына назар аударатын аудиохабарландырулар.

Орталық Азия бойынша Мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген мемлекеттік саясат орталығының директоры Салтанат Джаненованың сөзінше, бұл тұтынушыларға отандық өнімдерді бірден көзге түсетіндей етіп ұсынса, олардың қазақстандық тауарларды қолдауға дайын екенін көрсетеді.

Сондай-ақ министрлік талаптардың сақталуын бақылауды күшейтіп, жергілікті өндірушілер үшін сауда кедергілерін азайтуға бағытталған жаңа шараларды әзірлеуде.

Back to top button