Жаңалықтар

БІРЫҢҒАЙ QR АРҚЫЛЫ АУДАРЫМ МЕН ТӨЛЕМ: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ

Қазақстанда екінші деңгейлі барлық банктерге ортақ бірыңғай QR-төлем жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 шілдеден бастап ел тұрғындары бір QR-код арқылы түрлі банктер арасында төлем жасап, ақша аудара алады.

Қазақстан Ұлттық банкінде заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін жүйеге қатысу бөлшек клиенттермен жұмыс істейтін барлық банктер үшін міндетті болатынын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін қаржы ұйымдары техникалық дайындық жұмыстарын аяқтауы тиіс.

Қазіргі таңда жобаға қатысуға дайын екенін 16 банк мәлімдеген. Оның ішінде 12 банкте банкаралық аударым функциясы іске қосылған. Ал бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау жеті банк пен «Қазпоштада» қолжетімді. Тағы бір қатысушы тестілеу кезеңінен өтуде, қалғандары жүйені енгізу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Реттеуші орган платформаның толық дайын екенін атап өтті. Алайда клиенттер үшін іске қосылу мерзімі банктердің техникалық жұмыстарды қаншалықты жылдам аяқтайтынына тікелей байланысты.

Бірыңғай QR-код жобасы бірнеше жыл бойы әзірленді. Банктік жүйелер арасындағы интеграцияның күрделілігіне байланысты оны іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктердің жаңа жүйеге қосылуы іс жүзінде міндетті болатынын айтқан еді.

Платформаның техникалық іске қосылғаны ресми түрде 2025 жылғы 13 қарашада Central Asia FinTech Summit барысында жарияланғанымен, сол кезде сервис толыққанды жұмыс істемеген.

2025 жылдың соңында жүйеге тек алты банк — Halyk Bank, Bank RBK, Altyn Bank, Home Credit Bank, Freedom Bank және Банк ЦентрКредит қосылған болатын. Сол кезде Ұлттық банк өкілі Бинұр Жаленов Kaspi-дің жүйеге 2026 жылдың бірінші тоқсанында қосылуы күтілетінін хабарлаған.

Back to top button