Жаңалықтар

АЛАТАУДА ЗАМАНАУИ ДӘРІ-ДӘРМЕК ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

​Алматы облысында толық циклді биофармацевтикалық кешен бой көтереді. Қазақстан Үкіметі Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe pharmaceuticals» компаниясы арасындағы «Алатау» АЭА аумағында жобаны жүзеге асыру туралы инвестициялық келісімді мақұлдады.

Жобаға 32,5 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылмақ. Кәсіпорында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған препараттар, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық дәрілерді қоса алғанда, 20 түрлі дәрі-дәрмек өндіру жоспарланып отыр.

Кешенді іске қосу 2031 жылға жоспарланған. 2032 жылы кәсіпорын жобалық қуатына шығып, 2034 жылға қарай толық өндірістік цикл енгізілмек.

Жоба аясында дәрі-дәрмек шығару ғана емес, ғылыми-зерттеу бағытын дамыту, GMP халықаралық стандарттарын енгізу және қазақстандық мамандарды даярлау да көзделген.

Мамандардың айтуынша, жоба дәрі-дәрмек импортына тәуелділікті азайтып, елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуға және шамамен 60 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бүгінде елде фармацевтика өнеркәсібін дамыту жалғасып жатыр: сегіз ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 8,7%-ға артқан. Ал салаға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 390 млрд теңгеден асты.

Back to top button