Жаңалықтар

ЖӘРДЕМАҚЫ ТОҚТАТЫЛА МА? МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ТАРАҒАН ҚАУЕСЕТТІ ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде бала күтіміне байланысты төлем алатын қазақстандық әйелдер курьер болып қосымша жұмысқа орналасса, жәрдемақысынан айырылуы мүмкін деген ақпарат кеңінен тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, бала күтімімен айналысатын жұмыссыз ата-аналарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен қаржыландырылады және ата-ананың қосымша жұмыс істеуіне қарамастан сақталады.

Ал ресми түрде жұмыс істейтін ата-аналар үшін қолдаудың басқа тетігі қарастырылған. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері бала дүниеге келгенге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа табыстың 40 пайызы көлемінде есептеледі.

Бұл ретте мұндай төлемдерді тоқтату тек алушының өзі тиісті өтініш берген жағдайда ғана мүмкін. Жұмысқа шығу немесе қосымша табыс табу әлеуметтік төлемдердің автоматты түрде тоқтатылуына негіз болмайды.

Мемлекеттік органдар азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және адамдарды жаңылыстыруы мүмкін даулы тақырыптағы жарияланымдарға сын көзбен қарауға шақырады.

Әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, түсіндіру алу үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тікелей жүгінген жөн.

Back to top button