Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуы туралы ақпараттандыру жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер әзірледі. Түзетулер қызмет көрсету тәртібін жетілдіруге және оның қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл сервис арқылы қазақстандықтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесін тексеріп, сақтандырылған кезеңдер туралы ақпаратты, сондай-ақ өздері үшін аударылған жарналар мен аударымдар жөніндегі мәліметтерді ала алады.
Мемлекеттік қызмет eGov.kz порталы арқылы электрондық форматта көрсетіледі. Бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ кез келген уақытта сақтандыру мәртебесі мен жүргізілген төлемдер туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда МӘМС жүйесінің қатысушыларының саны шамамен 17,5 миллион адамды құрайды. Сақтандырылған азаматтарға профилактикалық тексерулер, консультациялық-диагностикалық қызметтер, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты медициналық қызметтердің кең ауқымы қолжетімді.
