Жаңалықтар

СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАЙНИНГ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ҚОЗҒАУШЫ КҮШІНЕ АЙНАЛАДЫ

Қазақстанда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Жаңа тетік салаға инвестиция тартуға, ірі жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге және цифрлық активтер нарығын дамытуға қосымша жағдай жасауға бағытталған.

Бағдарламаға қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады. Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесін белгіленген талаптарға сәйкес келетін компаниялар ғана ала алады. Өтінімдерді министрлік жанынан құрылған, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін арнайы комиссия қарайды.

Аталған мәртебеге ие болған компаниялар энергия өндіруші ұйымдармен заңнамада белгіленген шекті тарифтен аспайтын бағамен 10 жылға дейінгі мерзімге тікелей шарт жасасу мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар Ұлттық стратегиялық крипторезервті қалыптастыру тәртібі де өзгереді. Стратегиялық цифрлық майнерлер электр энергиясын сатып алу және жеткізу шығындары есепке алынғаннан кейін қалған цифрлық активтердің 10 пайызын крипторезервке аударады. Бұл ретте резерв бюджет қаражаты есебінен емес, тек компаниялардың ерікті қатысуы арқылы қалыптастырылады.

Министрлік мәліметінше, стратегиялық цифрлық майнинг институтын енгізу Қазақстанда цифрлық активтерді дамыту үшін бәсекеге қабілетті әрі инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастырудағы кезекті маңызды қадам болмақ.

Back to top button