Жаңалықтар

ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕР АЛМАТЫ ОБЛЫСЫН ҚАУІПСІЗДЕНДІРЕДІ

Алматы облысында цифрлық инфрақұрылым мен интеллектуалды мониторинг жүйесін дамыту жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға төмендеді. Бұған жолдардың апат қаупі жоғары учаскелерінде бейнебақылау камералары желісінің көбеюі елеулі ықпал етті. Алты ай ішінде камералардың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың көптеген дерегі анықталып, 10,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 8,16 млрд теңгесі өндірілді.

Сонымен қатар өңірде телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Цифрлық технологиялар басқармасы бірінші жартыжылдық жоспарын 100,7%-ға орындап, елді мекендер мен туристік нысандарды сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз етуде. Жоғары жылдамдықты интернет «Көшпенділер қаласы» этноқалашығында іске қосылды. Тамыз айында ASP Arena кешені аумағында мобильді байланыс қолжетімді болады. Сондай-ақ «Қарқара» өткізу пунктінде, Қара шатқал маңында базалық станциялар орнату мәселесі қарастырылуда. Ал Алатау қаласында жаңа базалық станциялар мен талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы жалғасып жатыр.

Жақын арада Алматы облысында тағы 16 базалық станция пайдалануға беріледі. Бұл өңірдің бірнеше ауданында мобильді байланыстың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Жол жағдайы мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылауды күшейту үшін камералардың бір бөлігі адам көп шоғырланатын жерлерге көшірілді.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев цифрлық технологиялар тек жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ғана емес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге де қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Ол барлық бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді, оларды әкімшілік құқық бұзушылықтарды, соның ішінде қоғамдық орындарды ластау, тыйым салынған жерлерде темекі шегу фактілерін анықтауда белсенді пайдалануды, сондай-ақ тұрғын үйлерге іргелес аумақтарды күтіп ұстау талаптарының сақталуын бақылауды тапсырды.

Back to top button