Павлодар облысы «Aqtogai Milk» кәсіпорнында болған адам өліміне әкелген жазатайым оқиғаны тергеу аяқталды. Оқиға салдарынан алты қызметкер қаза тапты.
Комиссия мәліметінше, қайғылы жағдай кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде болған.
Жұмысшылардың бірі күкіртсутектің әсерінен есінен танып қалған. Әріптестері оған көмек көрсетуге әрекеттенгенімен, қауіпті газдың әсеріне өздері де кезек-кезек ұшыраған. Тергеу барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.
Жұмысшылар қауіпті жұмыстарды орындауға қажетті даярлықтан өтпеген әрі жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек, жабық кеңістікте жұмыс істеу және құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік талаптары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.
Комиссия оқиғаға жұмыс беруші — «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінәсін 100% деп таныды.
Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаның себептері, жауапты тұлғалар және мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу шаралары айқындалды.
Еңбек министрлігі жұмыс берушілерді құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарына бақылауды күшейтуге шақырды.
