Ақтөбе облысында мектептердегі стоматологиялық қызмет кеңейтіліп жатыр. 2025–2028 жылдарға арналған «Болашаққа — сау тіспен» жол картасы аясында білім беру ұйымдарының өзінде профилактикалық тексеру жүргізіп, стоматологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған кабинеттер ашылуда.
Жалпы өңірде 59 мектеп стоматологиялық кабинетін жабдықтау жоспарланған. 2025 жылы осындай 14 кабинет жұмысын бастаса, 2026 жылы тағы 15 кабинетті ашу көзделіп отыр.
Жобаның алғашқы нәтижелері оның сұранысқа ие екенін көрсетті. 2026 жылдың басынан бері 7 847 оқушы профилактикалық тексеруден өтті. Оның ішінде 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі тіс жегісі анықталған. Қандай да бір мәселе анықталған жағдайда дәрігерлер қажетті ұсынымдар беріп, әрі қарай ем қабылдауды ұйымдастыруға көмектеседі.
Мектептердегі стоматологиялық кабинеттер негізінен профилактикалық бағытта жұмыс істейді. Балалар тұрақты түрде тексеруден өтеді. Нәтижесінде қосымша бақылауды немесе бейінді маманға жүгінуді қажет ететін оқушылар анықталады.
Сонымен қатар стоматологтар тек диагностикамен ғана шектелмейді. Оқушылар үшін арнайы сабақтар өткізіліп, тісті дұрыс тазалау, ауыз қуысына күнделікті күтім жасау және жеке бас гигиенасына арналған құралдарды дұрыс таңдау жолдары түсіндіріледі.
Осылайша, жоба туындаған стоматологиялық мәселелерді емдеуден гөрі олардың алдын алуға және ауруларды ерте кезеңде анықтауға басымдық береді. Мұндай тәсіл балаларды тіс денсаулығына жүйелі түрде көңіл бөлуге баулып, пайдалы дағдыларды мектеп жасынан қалыптастыруға мүмкіндік береді.
