Қазақстанда кейбір дәрі-дәрмектердің бағасы олардың айналымына цифрлық бақылау енгізілгеннен кейін едәуір төмендеді.
Денсаулық сақтау министрлігі мысал ретінде «Сумамед» препаратын келтіреді. Оның бағасы жекелеген кезеңдерде 5 746 теңгеге дейін жетсе, 2026 жылғы тамызда 3 174 теңгеге дейін төмендеген. Бұл ең жоғары тіркелген бағамен салыстырғанда 44%-ға аз.
Мұндай өзгерістер дәрілік заттарды таңбалау жүйесінің арқасында мүмкін болды. Жүйе препараттардың өндіруші немесе импорттаушыдан бастап дәріханаға, медициналық ұйымға және пациентке дейінгі қозғалысын барлық дерлік кезеңде бақылауға мүмкіндік береді.
Жүйе шамамен 3 мың дәрілік препараттың бағасын автоматты түрде талдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бақыланатын позициялардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталса, 26% бойынша бағаның төмендегені тіркелген.
Цифрландыру бағаға ғана емес, мемлекеттік сатып алуға да әсер етті. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда өңірлердің нақты қажеттілігін ескере отырып, дәрі-дәрмек қорын басқару жүйесі жұмыс істейді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша бұл жүйе 42 млрд теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл жылдық қор көлемінің шамамен 14%-ын құрайды.
Сонымен қатар мемлекет қоймаларда және медициналық ұйымдарда қанша дәрі-дәрмек бар екенін нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігіне ие болды. Қазір бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында 14 млн-нан астам қаптама, ал медициналық ұйымдарда 30 млн-нан астам қаптама бар.
2024 жылғы шілдеде міндетті таңбалау енгізілгелі бері жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама өткен.
Алдағы уақытта цифрлық бақылау ауқымы кеңейеді. 2027 жылдан бастап жүйе деректерін дәрілік заттардың айналымын мемлекеттік бақылау құралдарының бірі ретінде пайдалану жоспарланып отыр.
Таңбалау жаңа өнім санаттарына да енгізіледі. 2026 жылғы қыркүйектен бастап бұл талап биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ), ал 2027 жылдан бастап медициналық мақсаттағы бұйымдарға қолданылады.
