Жаңалықтар

СМЕТАДАҒЫ СОМА 20 ЕСЕ АСЫРА КӨРСЕТІЛГЕН: ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПРОКУРАТУРА ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ АНЫҚТАДЫ

Талдықорғанда прокуратура мемлекеттік инвестициялық жоба бойынша жұмыстар құнын қалыптастыру кезінде заң бұзушылықты анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шарттың құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді.

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тексеру барысында прокуратура қызметкерлері қаладағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасына қатысты құжаттарды зерделеді.

Тексеру кезінде жұмыстар жүргізілгеннен кейін алынатын және шығарылатын асфальтбетон көлемінің есептелуі ерекше назар аудартты.
Анықталғандай, сметаны әзірлеу кезінде алынатын жабынның қалыңдығы ескерілмеген. Осы қателіктің салдарынан қалдық көлемі айтарлықтай асыра көрсетілген. Нақты көлемі 5 273,7 тонна болғанымен, құжаттамада 105 474 тонна көрсетілген.

Осылайша, есептік көрсеткіш 20 есеге асыра есептелген.
Анықталған заң бұзушылық жұмыстардың құнының өсуіне әкеп соққан. Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін шарт талаптары қайта қаралып, оның құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді.

Прокуратура мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына қатысты өзге де жобалар бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы Жетісу облысында прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Back to top button