Жаңалықтар

РОБОТТАР МЕН «АҚЫЛДЫ» АВТОКӨЛІКТЕР: АЛМАТЫДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 

Алматыда автономды көлікті дамытуға бағытталған екі технологиялық жоба — жеткізу роботтары мен қаланың жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасау үшін дерек жинайтын картограф-автокөліктер іске қосылды.

Жобалардың таныстырылымына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Көлік вице-министрі Дамир Көжахметов, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов, Құрылтай депутаттары Екатерина Смышляева мен Абай Алтай, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Алғашқы кезеңдердің бірі ретінде жеткізу роботы таныстырылды. Оның көмегімен алғашқы тапсырыс рәсімделді. Робот бағытты өздігінен жоспарлап, кедергілерді анықтап, қозғалыс траекториясын таңдай алады. Таныстырылым барысында оның жолдан өтуі және қалалық бағдаршамдармен өзара әрекеттесуі де көрсетілді.

Сонымен қатар қалада жол инфрақұрылымын картографиялық түсіру жұмыстары басталды. Камералар мен лидарлармен жабдықталған арнайы автокөліктер жол таңбаларын, жол белгілерін, бағдаршамдарды, қиылыстарды және басқа да нысандарды тіркейді.

Жиналған деректер жол ортасының егжей-тегжейлі цифрлық моделін жасауға пайдаланылады. Мұндай инфрақұрылым роботакси секілді жүргізушісіз көлік шешімдерін одан әрі сынақтан өткізу және дамыту үшін қажет.

Қазақстанда автономды көлікті енгізуге арналған пилоттық жобаны іске асыру қағидалары да айқындалған. Негізгі талаптардың бірі — жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

 

Back to top button