Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астанада өткен жәрмеңкеде 180 тонна өнімін 215 млн теңгеге сатты. Елорда тұрғындарына жергілікті шаруашылықтардың көкөніс, жеміс-жидек, бал және басқа да өнімдері делдалдардың үстемеақысынсыз ұсынылды.
Әкелінген өнімнің жартысынан астамы алғашқы күні-ақ сатылып кетті. Сатып алушылар арасында алма, оның ішінде «Апорт» сұрпы ерекше сұранысқа ие болды.
Жәрмеңкеге облыстың түрлі аудандарынан шаруа қожалықтары қатысты. Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруашылықтардың бірі алманың сегіз сұрпын және кептірілген өнімдерін ұсынды. Аумағы 3 гектар болатын бақтан жыл сайын шамамен 50 тонна өнім жиналады.
Шағын шаруашылықтар үшін жәрмеңке өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуға мүмкіндік берді. Мәселен, жергілікті омарташылық шаруашылық өз өнімдерін Астанада алғаш рет таныстырды. Омарталықта 150 ара ұясы бар. Биыл мұнда шамамен 9,5 тонна бал өндірілген.
Өңірлік жәрмеңкелердің өткізілуі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнім өткізу нарығын кеңейтуге, ал тұтынушыларға өнімді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді.
Алматы облысының әкімдігі қатысушыларға ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, оның ішінде өнімді елордаға жеткізуге жәрдемдеседі.
