Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Әсіресе қауіпті тобына жататын жүкті әйелдерді уақтылы ауруханаға жатқызуға, перзентханалардың шұғыл жағдайларға дайындығына және балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасына басымдық беріледі.
Мұндай міндеттерді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен республикалық медициналық орталықтардың басшыларымен өткен аппараттық кеңесте қойды.
Басым бағыттардың бірі — жүктілікті жеке сүйемелдеу. Қауіп деңгейі жоғары топқа жататын пациенттер үшін жүктілікті жүргізу тактикасы, босандыру маршруты және жауапты мамандар алдын ала айқындалуы тиіс. Өңірлік денсаулық сақтау басқармаларына ауруханаға жатқызудан негізсіз бас тарту жағдайларына жол бермеу және демалыс пен мереке күндерін қоса алғанда, шұғыл акушерлік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Бес жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмекке де ерекше назар аударылады. Медицина қызметкерлері кішкентай пациенттердің жағдайын мұқият бағалап, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда оларды тексеру және ауруханаға жатқызу мәселесін шешу үшін стационарға жеткізуі қажет.
Сонымен қатар перинаталдық орталықтарда инфекциялық бақылау күшейтіледі. Ана мен бала перзентханадан шыққаннан кейін патронаж қызметінің сапасы мен перзентханалардың емханалармен өзара іс-қимылы да қадағаланады.
Республикалық ғылыми орталықтарға өңірлерге практикалық қолдау көрсетуді кеңейту тапсырылды. Олар екі апта ішінде акушер-гинекологтардың, неонатологтардың және балаларға медициналық көмек көрсететін басқа да мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ұсынуы тиіс.
