Жаңалықтар

ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ АРҚАУ БОЛДЫ

Солтүстік Қазақстан облысында «Тимирязево–Докучаево» автомобиль жолын орташа жөндеуге бөлінген 87 миллион теңгені жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Іске мердігер фирманың бұрынғы басшысы қатысы бар деп танылып, ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Заңбұзушылықтарды облыстық прокуратура Тимирязев ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметіне жүргізілген тексеру барысында анықтаған. Тергеу нұсқасы бойынша, бюджет қаражаты алаяқтық әрекеттер арқылы заңсыз иемденілген.

12 қазанда материалдар прокуратураның ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Сол күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Қылмыстық істің тергелуі облыстық прокуратураның бақылауында.

 

Back to top button