2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары қолданысқа енгізілді. Құжатта елді мекендердің аумақтарын, соның ішінде ғимараттар мен құрылыстарға іргелес жатқан учаскелерді күтіп ұстауға қойылатын талаптар белгіленген.
Дүкендердің, кеңселер мен тұрғын үйлердің айналасының тазалығына енді кім жауапты және меншік иелері мен жалға алушыларға қандай міндеттер жүктеледі? Осы мәселелерді түсіндіру үшін «INFO MONITORING» ақпарат агенттігінің редакциясы Қонаев қаласы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мадияр Зәкеровке жүгінді.
Бөлім басшысының түсіндіруінше, абаттандыру қағидаларына сәйкес, іргелес аумақ деп ғимаратқа, құрылысқа, қоршауға, құрылыс алаңына, сауда нысанына және басқа да объектілерге тікелей жанасатын, олардың периметрі бойынша бес метр шегіндегі жер учаскесі саналады.
Мұндай аумақтарды күтіп ұстау міндеті тиісті объектілерге меншік құқығы бар, оларды иеленетін, жалға алатын немесе балансында ұстайтын жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі.
Мадияр Зәкеровтің айтуынша, міндеттер қатарына қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды уақтылы жинау, аумақтың санитарлық жағдайын бақылау, шөп шабу, жаяу жүргіншілер жолдары мен кіреберіс жолдардың тазалығын сақтау кіреді. Сонымен қатар құрылыс материалдары мен өзге де заттарды белгіленбеген орындарға жинауға жол берілмейді.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің үй маңындағы жер учаскелерін күтіп ұстау тәртібі де жеке реттелген. Бөлім басшысының атап өтуінше, мұндай аумақтар абаттандыру мен көгалдандыруға, балалар және спорт алаңдарын, автотұрақтарды, кіреберіс жолдарды, жаяу жүргіншілер жолдары мен шағын сәулет нысандарын орналастыруға арналған.
Сондай-ақ Мадияр Серікбайұлы абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгенін түсіндірді. Құқық бұзушының санатына қарай алғашқы рет жасалған заң бұзушылық үшін ескерту берілуі немесе айыппұл салынуы мүмкін.
Атап айтқанда, жеке тұлғаларға — 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
