Жаңалықтар

ЖҰМЫС ТАБА АЛМАЙ ЖҮРСІЗ БЕ? ENBEK КӨМЕКТЕСЕДІ

Қазақстандықтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Enbek цифрлық экожүйесі арқылы жұмыс іздеп, кәсіби білім алып, мемлекеттік қолдау шараларына өтінім бере алады.

Enbek.kz сайты мен мобильді қосымша арқылы түйіндеме орналастырып, бос жұмыс орындарын іздеуге және жұмыс берушілерге өтінім жіберуге болады. Сонымен қатар жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, жұмыссыз мәртебесін рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматтар өтінішті онлайн түрде бере алады.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметі бос жұмыс орындарын іріктеу үшін жасанды интеллект технологиясын пайдаланады. Пайдаланушының келісімімен жүйе мемлекеттік деректер базасы негізінде түйіндеме қалыптастырып, үміткердің білімі, жұмыс тәжірибесі, дағдылары мен талаптарын ескереді.

Skills Enbek платформасында тегін онлайн курстар қолжетімді. Сондай-ақ тіркелген жұмыссыз азаматтар білім беру ұйымдарында немесе жұмыс берушілердің базасында қысқа мерзімді оқудан өте алады.

Career Enbek платформасы арқылы белгіленген талаптарға сәйкес кәсіби біліктілікті тегін тануға арналған ваучер алуға өтінім беруге болады.

Өз кәсібін ашуды жоспарлаған азаматтар Business Enbek платформасын пайдалана алады. Мұнда «Бастау Бизнес» жобасына қатысу талаптарын тексеріп, өтінім қабылдау кезеңінде мемлекеттік грант алуға өтініш беруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында микрокредит пен лизинг алуға өтінім қабылданады. Қазіргі уақытта бұл сервис пилоттық режимде Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді.

Жұмысқа орналасу мақсатында басқа өңірге қоныс аударғысы келетін азаматтарға Migration Enbek платформасы қызмет көрсетеді. Платформа арқылы сіз жұмыс күші тапшы аймақтарға өз еркімен қоныс аударуға қатысты кеңес алу, сондай-ақ қолжетімді қолдау шаралары туралы ақпарат білу үшін мансап орталығына жүгіне аласыз.

Жеке көмек қажет болған жағдайда азаматтар тіркелген жері бойынша мансап орталығына жүгіне алады. Мамандар бос жұмыс орындарын таңдауға, қажетті құжаттарды рәсімдеуге, оқу бағдарламасын іріктеуге және жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайындалуға көмектеседі. Цифрлық жұмыспен қамту қызметі аясында әрбір жұмыс іздеушіге оны жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейтін маман бекітіледі.

Back to top button