Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫС ІЗДЕУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау қағидалары өзгереді. Жаңа тәртіпке сәйкес, мансап орталықтарының көмегімен лайықты жұмыс іздеу мерзімі ұзартылып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі мен мерзімдері нақтыланады.

Алғашқы кезеңде азамат мансап орталығына жүгінуі қажет. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеуші адам мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылды. Осы уақыт ішінде орталық қызметкерлері азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен әңгімелесу ұйымдастырады.

Егер 13 күн ішінде жұмысқа орналасу мүмкін болмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл ретте мансап орталығы жұмыс іздеуге жәрдемдесуді жалғастырып, қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуді ұсынады.

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш беруге болады. Ол үшін eGov.kz, Enbek.kz порталдарын, банктердің мобильді қосымшаларын пайдалануға, проактивті қызмет аясында SMS арқылы өтініш беруге, сондай-ақ мансап орталығына немесе ХҚКО-ға жеке жүгінуге болады.

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем жұмыс іздеу кезеңінде үш айға дейінгі мерзімге тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ын құрайды, алайда жеті ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты ұсынылған есептеулерге сәйкес, әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге жетеді.

Әлеуметтік төлем алу құқығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға сақталады. Сонымен қатар азамат әлеуметтік төлем алып жүрсе де, алмаса да, мансап орталықтары оған жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді жалғастырады.

Back to top button