2026 жылдың тоғыз айында Қазақстаннан экспортталған өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 35%-ға артып, 3,4 млрд долларды құрады. 2025 жылдың осы кезеңінде экспорт көлемі 2,5 млрд доллар болған. Сонымен қатар аграрлық экспорт құрылымындағы дайын өнімнің үлесі 51,3%-дан 53,3%-ға дейін өсті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстан қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайту үшін астықты өңдеу саласын дамытуды көздеп отыр. Елімізде жыл сайын 18-20 млн тонна бидай және 1-1,2 млн тонна жүгері жиналады. Ал 2026 жылы жүгері өнімі 1,7 млн тоннаға жетті.
Қазір елімізде жыл сайын 5 млн тоннадан астам астық өңделеді. Оның 510 мың тоннаға жуығы терең өңдеуге тиесілі.
2025 жылы Қазақстанда 145,1 мың тонна крахмал өнімдері өндірілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,8%-ға көп. Ал биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаны құрап, бір жылда 2,2 есе өсті.
2029 жылға дейін бидай мен жүгеріні терең өңдейтін алты ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 5,8 млн тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді.
