Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқан жағдайда адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналып отыр. Қоғамдық құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерін терең жаңғыртпайынша, саяси және экономикалық реформалардың орнықты болуы мүмкін емес. Осы тұрғыда «Адал азамат» тұжырымдамасы бүкіл қоғам үшін адамгершілік әрі азаматтық бағдар ретінде айрықша стратегиялық мәнге ие.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы меншік нысанына қарамастан еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында кезең-кезеңімен енгізілуде. Бағдарламаның негізінде тұлғаның жаңа сапасын айқындайтын алты негізгі құндылық жатыр: тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұл құндылықтар адал еңбекке, заңды құрметтеуге, қоғамдық үдерістер үшін жауапкершілік алуға және ел дамуына үлес қосуға бағытталған азаматтың орнықты моделін қалыптастырады.
Айта кету керек, «Адал азамат» тұжырымдамасы тек балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеумен шектелмейді. 2026 жылдан бастап бағдарлама білім беру жүйесінің аясынан шығып, қоғамдық деңгейде кеңінен жүзеге асырылады. Бұл оның жалпыұлттық сипаты мен ұзақ мерзімді стратегиялық маңызын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, ол кәсіби, адал, тәртіпті және қоғам алдында есеп беретін мемлекеттік қызметшінің жаңа моделін қалыптастыруға бағдар болады. Цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің азаюы жағдайында мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің басты тірегі технология ғана емес, шешім қабылдайтын адамның жеке жауапкершілігі мен ішкі этикасы болып қала береді.
Түптеп келгенде, «Адал азамат» — бұл ұран немесе бір реттік науқан емес, тұлға мен қоғамды дамытудың жаңа үлгісі. Елде ортақ игілік үшін әрекет етіп, жауапкершілік ала білетін азаматтар көбейген сайын Әділ Қазақстанның іргетасы да нығая түседі. Президент атап өткендей, әділетті мемлекетті тек жауапты азаматтар ғана құра алады. «Адал азамат» тұжырымдамасының стратегиялық мәні де дәл осында — елдің бүгіні мен болашағының берік тірегі болуында.
«Қонаев қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша дайындалды
