Жаңалықтар

AЛMATЫ СОТЫ LACOSTE БРЕНДІН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАН КӘСІПКЕРДІ ЖАЗАҒА ТАРТТЫ

Алматыда сот әлемге әйгілі киім брендіне тиесілі тауар белгісін заңсыз пайдаланған кәсіпкерден өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Істі қаланың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарады.

Lacoste брендінің құқық иесі сотқа жүгініп, алматылық кәсіпкердің француз маркасының фирмалық логотипіне ұқсас таңбасы бар өнімдерді рұқсатсыз сатып, сақтағанын мәлімдеді.

Істі талқылау барысында бақылау сатып алу материалдары, құжаттарды және өнімді сараптау нәтижелерін растайтын материалдар зерделенді. Сот даулы таңбаны пайдалану тауар белгісі иесінің құқықтарын бұзады деген қорытындыға келді.

Сот шешімінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, құқық иесінің келісімінсіз тауар белгісі немесе оған ұқсас белгілер орналастырылған тауарлар мен олардың қаптамасы контрафактілік өнім болып саналатыны атап өтілген.

Өтемақы мөлшерін айқындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, брендтің танымалдылығын, сатылған өнім көлемін және компанияның іскерлік беделіне келтірілуі мүмкін залалды ескерді.

Нәтижесінде кәсіпкерден 100 АЕК көлемінде, яғни 393 200 теңге өтемақы өндірілді.

Сонымен қатар жауапкер бақылау сатып алуын жүргізуге кеткен 5 мың теңге шығынды және 11 796 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелді.

Back to top button