Жаңалықтар

ЭЛЕКТРОНДЫ КІТАПТЫ ДА ҚАЙТАРЫП, АҚШАҢЫЗДЫ КЕРІ АЛУҒА БОЛАТЫНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Көпшілік электронды кітап сатып алынғаннан кейін оны қайтару мүмкін емес деп ойлайды. Алайда бұл — қате түсінік.

Абай облысының тұрғыны маркетплейс арқылы шамамен 150 мың теңгеге электронды кітап сатып алған. Алайда келесі күні құрылғының өзіне сәйкес келмейтінін және күткен нәтижесін ақтамағанын түсінген тұтынушы тауарды сатушыға қайтаруға шешім қабылдайды.
Бірақ интернет-дүкен өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Сатушының айтуынша, құрылғы пайдаланылған болып шыққан. Осыдан кейін мәселе жабылатын сияқты көрінгенімен, сатып алушы өз құқығын қорғау үшін Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Ресми шағым түскеннен кейін дүкен өз ұстанымын өзгерткен. Нәтижесінде электронды кітап кері қабылданып, тұтынушыға шамамен 150 мың теңге толық қайтарылды.

Ең қызығы, электронды кітап 14 күн ішінде қайтаруға немесе айырбастауға жатпайтын тауарлар тізіміне кірмейді. Сондықтан тауардың сыртқы түрі, пломбалары, заттаңбалары және тұтынушылық қасиеттері сақталған жағдайда сатып алушы оны қайтаруды немесе айырбастауды талап етуге құқылы.

Қайтаруға жатпайтын тауарлар тізімі:
1. дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
2. іш киімдер;
3. шұлық-ұйық бұйымдары;
4. жануарлар мен өсімдіктер;
5. метрлеп сатылатын тауарлар, атап айтқанда барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталар, трикотаж және гардин маталары, жасанды аң терісі, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, таспалар, өрімдер, сымдар, баулар, кабельдер, линолеум, үлдірлер мен клеенка;
6. ұялы байланыс абоненттік құрылғылары.

Дегенмен бұл тізімдегі тауарлардан өндірістік ақау анықталған жағдайда оларды да қайтаруға болады.

Сондықтан келесі жолы сатушыдан: «Бұл электронды құрылғы, оны қайтару мүмкін емес» деген жауап естісеңіз, алдымен оның заңға сәйкес келетін-келмейтінін тексерген жөн.

Back to top button