Қапшағай су қоймасы іс жүзінде ең жоғары толу деңгейіне жетті — бүгінде онда 18,04 млрд текше метр су жиналған. Бұл жалпы сыйымдылықтың 98%-ын құрайды.
Жиналған су қоры биылғы маусымда Ақдала және Шеңгелді ауылдық округтерінің егістік алқаптарын суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етуге жеткілікті.
Су қоймасы су жинау қызметінен бөлек, Балқаш көлін сумен қамтамасыз ететін трансшекаралық Іле өзенінің ағысын реттеуде негізгі рөл атқарады. Өсімдік өсіп, өнетін кезең аралығында Қапшағай су қоймасынан Балқашқа шамамен 4 млрд текше метр су жіберілді.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы мәлім еткендей, Қазақстан Іле өзенін қоса алғанда, трансшекаралық өзендерді басқару мәселелері бойынша Қытаймен тұрақты байланыста.
Екі елдің үйлесімді жұмысының арқасында Алматы облысының диқандары үшінші жыл уақытылы әрі толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етіліп келеді.
