Жаңалықтар

МАҢДАЙША ЖАЗУЫ, МӘЗІРЛЕР МЕН БАҒА БЕЛГІЛЕРІ ЖАҢА ЕРЕЖЕ БОЙЫНША ТЕКСЕРІЛЕДІ: КІМГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНУЫ МҮМКІН?

Алматы облысында маңдайшалардағы, сыртқы жарнамадағы және ақпараттық материалдардағы тіл талаптарының бұзылуын анықтау үшін «Ақылды мониторинг» жүйесі енгізілді.

Анықталған заңбұзушылықтар мекенжайы, фотосуреті және оны жою мәртебесі көрсетілген интерактивті картаға енгізіледі. Қателері бар нысандар қызыл түспен, түзету жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар сары түспен, ал кемшіліктері жойылған нысандар жасыл түспен белгіленеді.

Пилоттық жоба Іле ауданының Байсерке ауылында іске қосылып, онда тілге қатысты 120 қате анықталған. Қазір мониторинг жұмыстары бүкіл облыс аумағына таратылуда. Жыл соңына дейін бірыңғай дерекқор қалыптастыру, ал 2027 жылдың басынан бастап жиналған мәліметтерді аудан-қала әкімдіктеріне беру жоспарланып отыр.

Әзірге қателерді қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік тілді дамыту бағытында жұмыс істейтін мекемелер өкілдері қатысатын мониторинг топтары қолмен анықтап жатыр. Алдағы уақытта қателер мен дұрыс аударылмаған мәтіндерді тану үшін жасанды интеллект енгізу көзделген.

Жыл басынан бері кәсіпкерлік нысандарында 335 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 170 заңбұзушылық анықталды. Оның 114-і жойылған, ал қалған 56 жағдай бақылауда тұр. Ескертулердің басым бөлігі Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заң талаптарына сәйкес маңдайшаларды, мәзірлер мен баға белгілерін рәсімдеуге қатысты болған.

Талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашқы жағдайда ескерту беріледі, ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 5-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Тұрғындар көпшілікке арналған мәтіндердегі қате жазулар мен тілдік талаптардың бұзылуы туралы e-Otinish платформасы арқылы хабарлай алады.

Back to top button