Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛ-КУРЬЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 

Қазақстанда курьер болып жұмыс істейтін әйелдерді қолдауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan және «Іскер» қоры ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Бастама қиын немесе дағдарысты өмірлік жағдайға тап болған әйел-курьерлерге арналған. Қатысушыларға жағдайына қарай әлеуметтік қызметтер алуға, құқықтық және психологиялық қолдауға, қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қатысуға көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда медициналық көмек алуға да жәрдем берілуі мүмкін.

Қолдау әр әйелдің жеке жағдайы мен отбасының қажеттіліктерін ескере отырып көрсетіледі. Жобаға Yandex Go қосымшасындағы «Еда», Lavka және «Доставка» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Негізгі талаптардың бірі – кемінде төрт апта қатарынан курьер болып жұмыс істеуі.

Әлеуметтік осал санаттағы әйелдерге басымдық беріледі. Олардың қатарында жалғызбасты және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар әйелдер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас туыстарына күтім жасайтын азаматтар бар.
Сонымен бірге жеңілдік санатына жату көмекті автоматты түрде алуға кепілдік бермейді. Әрбір өтініш нақты жағдайлар ескеріле отырып жеке қаралады.

Жобаға қатысу шарттарымен танысып, өтінім беру үшін «Яндекс Про» мобильді қосымшасындағы «Серіктестік туралы басты ақпарат» бөліміне кіріп, «Әйел-курьерлерге көмек» мақаласын таңдау қажет. Сондай-ақ қажетті ақпаратты сервистің қолдау қызметі арқылы алуға болады.

Жоба пилоттық форматта жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша серіктестер бағдарламаның сұранысқа ие болуын және әлеуметтік қолдау тетіктерін одан әрі дамыту мүмкіндігін бағалайды.

 

Back to top button