Қонаев қаласында Алматы облыстық сотының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Жобаның басталуына орай салтанатты түрде уақыт капсуласы қойылды. Рәсімге Жоғарғы соттың төрағасы Асламбек Мергалиев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жобаның өңір үшін маңызын атап өтті.
Болашақ кешеннің жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асады, ғимарат бес қабаттан тұрады. Жоба аясында 22 сот отырысы залы, әкімшілік кабинеттер, техникалық және жертөле бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ қауіпсіздік, келушілерге қолайлылық және заманауи құрылыс стандарттарына сәйкестік мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Жобаны іске асыру мерзімі шамамен 15 айды құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер жұмыстары жүргізілуде, ондаған маман жұмылдырылған. Құрылыс қарқыны артқан сайын жұмысшылар саны да көбеймек.
