Жаңалықтар

АЛМАТЫДА ДЕПО ДИРЕКТОРЫ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы әлеуметтік желілерде тараған Алматы қалалық пайдалану вагон депосы филиалының директоры 110 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Компанияның баспасөз қызметі кәсіпорын басшысының ұсталғанын растады. ҚТЖ мәліметінше, ол 2026 жылғы 9 сәуірде қылмыстық іс аясында қолға түскен.

Тергеу органдары лауазымды тұлғаның 2024–2025 жылдардағы қызметіне қатысты мән-жайларды зерттеп жатыр. Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Компания құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсетіп, заңнама талаптарына сәйкес барлық қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматы пайдалану вагон депосында ықтимал құқық бұзушылықтың орын алуына әсер етуі мүмкін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында ҚТЖ ішкі тексеру бастады. Тексеруді компанияның комплаенс қызметі жетекшілік ететін арнайы комиссия жүргізіп жатыр.

ҚТЖ өкілдері тергеу әрекеттері аяқталып, құзырлы органдар тиісті процестік шешім қабылдағанға дейін бұл іске қатысты қосымша түсініктеме берілмейтінін атап өтті.

Back to top button