Жетісу облысында мемлекеттік әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 95%-ы мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделді. Бұл көрсеткіш бойынша өңір Қазақстанда бірінші орында тұр. Салыстыру үшін, республика бойынша орташа көрсеткіш – 79%.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспарланған 1120 нысанның 1064-інде жұмыстар аяқталған. Қалған 56 нысанды жыл соңына дейін бейімдеу жоспарланып отыр.
Кедергісіз орта қалыптастыру шаралары мемлекеттік мекемелермен қатар банктер, дүкендер және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарды қоса алғанда, жеке ұйымдарды да қамтиды. Ғимараттарға пандустар мен көтергіштер орнатылып, тактильді жолақтар төселеді, Брайль қарпімен жазылған ақпарат пен көру арқылы қабылдауға арналған хабарландыру жүйелері орналастырылады.
2023 жылдан бері өңірде нысандардың қолжетімділігіне қатысты жоспардан тыс 130-ға жуық тексеру жүргізілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша нұсқамалар беріліп, айыппұлдар салынды. Соңғы төрт жылда жеке сектордағы тағы 184 нысанда қолжетімділік талаптары енгізілді.
Сонымен қатар облыста мүгедектігі бар адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілуде. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мұндай құралдарға 16 944 адам мұқтаж болған. Қамтамасыз ету деңгейі 82%-ды құрады. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен (80,6%) жоғары.
Бұдан бөлек, өңірде «Инватакси» қызметінің 32 мамандандырылған көлігі жұмыс істейді. Жыл басынан бері қызмет 90,6 мыңнан астам өтінімді орындады.
Кроме того, в регионе работают 32 специализированных автомобиля «Инватакси». С начала года служба обработала более 90,6 тысячи заявок.
