Жаңалықтар

АЛТЫ БАЛАНЫ ҚОРЛАҒАНЫ ҮШІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ОТБАСЫМЕН СОТТАЛДЫ

Қарағанды облысының соты Қарқаралы ауданындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленген балаларға қатысты қатыгездік көрсету ісі бойынша үкім шығарды.

Тергеу мәліметінше, ауыл мектебінің директоры мен оның жұбайы қамқорлығына алған 10-14 жас аралығындағы алты баланы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде қорлаған. Айыптау тарапының дерегіне сәйкес, тәрбиеленушілер ауыр шаруашылық жұмыстарын атқаруға, мал бағуға және бақшада еңбек етуге мәжбүр болған. Тіл алмаған балалар соққыға жығылып, қорланып, дұрыс тамақтанудан қағылған. Сондай-ақ оларға қи араласқан нан мен құрт жеуге мәжбүрлеген.

Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылардың туған қызы да балаларды қорлауға қатысқан. Ол тәрбиеленушілерді кемсітіп, ата-анасын «ханшайым» мен «ханзада», ал олардың балаларын «принц» және «принцесса» деп атауға мәжбүрлеген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға психологиялық қысым көрсеткен.

Тергеу барысында жәбірленушілердің, куәгерлердің жауаптары мен сараптама қорытындылары жиналды. Кейбір балалардың денесінен көптеген тыртықтар мен күйік іздері анықталған. Тәрбиеленушілердің бірі ауыр жарақат салдарынан бірнеше операцияны бастан өткеріп, мүгедектік алған.

Прокуратураның мәліметінше, отбасы басшысы балаларды асырауға бөлінген мемлекеттік жәрдемақыларды заңсыз иемденген.

Сотталушылар өз кінәларын мойындамай, тағылған айыптарды ойдан шығарылған деп атаған. Алайда сот ұсынылған дәлелдерді айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп таныды.

Сот отбасы басшысын азаптау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және алаяқтық баптары бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның жұбайы 10 жылға сотталса, қызы 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталғандар алты баланың әрқайсысына моральдық шығын өтемақысы ретінде 10 миллион теңгеден төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, заңсыз алынған жәрдемақылар ретінде олардан білім бөлімі пайдасына 6 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.

Сот мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін осындай мекемелердің жұмысына бақылауды күшейту қажеттілігін бөлек атап өтті.

Back to top button