Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі елдегі ең көрікті табиғи нысандардың бірі — Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі туралы мәлімет жариялады.
Алматы облысында орналасқан парк аумағы 127 мың гектардан асады және ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне кіреді. Табиғи кешендерді, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтау мақсатында парк 2004 жылы құрылған.
Парктің басты көрікті орны — жасы миллиондаған жылдарға жететін Шарын шатқалы. Биіктігі 370 метрге дейін жететін қызыл жартастар ежелгі қамалдар мен сарайларды елестететін ерекше табиғи ландшафт қалыптастырған.
Мұндағы тағы бір бірегей табиғи нысан — Шарын шаған тоғайы. Мұз дәуірінен бері сақталған орманда табиғи жағдайда әлемнің санаулы өңірлерінде ғана кездесетін соғды шағаны өседі.
Парк аумағындағы Қызылқарасай мен Үлкен Бұғыты учаскелерінде қарақұйрықтарды, бүркіттерді, ителгілерді және басқа да сирек жануарларды кездестіруге болады. Жалпы мұнда сүтқоректілердің, бауырымен жорғалаушылардың ондаған түрі және құстардың 246-ға жуық түрі мекендейді. Олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар да бар.
Ұлттық паркке келушілер үшін жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асатын төрт туристік маршрут әзірленген. Олар Шарынның ең көркем жерлерін аралап, өңірдің бай табиғи әрі тарихи мұрасымен танысуға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Шарын ұлттық паркі еліміздің ең құнды әрі танымал табиғи нысандарының бірі саналады және жыл сайын мыңдаған туристі тартады.
По информации Министерства экологии и природных ресурсов Республики Казахстан, Чарынский национальный парк остается одним из самых ценных и узнаваемых природных объектов страны, ежегодно привлекающим тысячи туристов.
