Жаңалықтар

ИНСУЛЬТ: БЕЛГІЛЕРІН ЕРТЕ БАЙҚАП, ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Қазақстанда инсульт жағдайларының саны артты. Инсульт проблемалары жөніндегі Республикалық үйлестіру орталығының мәліметінше, 2025 жылы еліміздің медициналық ұйымдарында ми қанайналымының жедел бұзылуына (МҚЖБ) байланысты 53 164 жағдай емделген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 089 жағдайға көп. 2024 жылы мұндай жағдайлардың саны 49 075 болған.

Аурудың себептері, алғашқы белгілері және оның алдын алу жолдары туралы Қонаев қаласының қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігер-неврологы Арман Ештаевич Ештаев айтып берді.

 

«Инсульт — ми қанайналымының жедел бұзылуы. Ол ми жасушаларының зақымдануына және ағза қызметінің әртүрлі бұзылыстарына әкеледі. Ишемиялық инсульт қан тамырының атеросклеротикалық түйін немесе тромб салдарынан бітелуінен пайда болады. Ал геморрагиялық инсульт қан тамырының жарылып, миға қан құйылуы нәтижесінде дамиды», — деп түсіндірді дәрігер.

Инсульттің негізгі қауіп факторларына артериялық қысымның жоғары болуы, қандағы холестерин мен қант деңгейінің жоғарылауы, жүрек аурулары, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс тұтыну, артық салмақ және қимыл-қозғалыстың аздығы жатады. Сондай-ақ тұқым қуалайтын бейімділік пен бұрын болған инсульт аурудың өршу қаупін арттырады.
Инсульт белгілері, әдетте, кенеттен пайда болады. Адамның беті қисайып, қолы немесе аяғы әлсіреп не ұйып қалуы, сөйлеуі, көруі немесе қимыл үйлесімі бұзылуы мүмкін. Сонымен қатар сананың шатасуы, қатты бас айналу, аяқ астынан пайда болған қатты бас ауруы, жүрек айну және құсу байқалуы ықтимал.

«Егер адамның бетінде кенеттен асимметрия пайда болып, қолы әлсіресе немесе сөзі түсініксіз бола бастаса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Жағдай өздігінен жақсарады деп күтуге болмайды. Инсульт кезінде әр минуттың маңызы зор», — деп атап өтті Арман Ештаевич.

Медицина қызметкерлері келгенге дейін адамды жатқызып, басы мен иығын сәл көтеру керек. Тыныс алуға кедергі келтіретін киімдерін ағытып, таза ауаның келуін қамтамасыз ету қажет. Алғашқы белгілердің қашан пайда болғанын есте сақтап немесе жазып алған маңызды. Бұл ақпарат дәрігерлерге қажет болады.
Егер адам құса бастаса немесе есінен танып, бірақ тыныс алып жатса, оны абайлап қырына бұру керек. Медицина қызметкерінің нұсқауынсыз ешқандай дәрі беруге болмайды. Әсіресе аспиринді өз бетінше қабылдату қауіпті, себебі геморрагиялық инсульт кезінде ол қан кетуді күшейтуі мүмкін.

Көп жағдайда инсульт қаупін өмір салтын өзгертіп, денсаулыққа мұқият қарау арқылы төмендетуге болады.

«Артериялық қысымды, қандағы холестерин мен қант деңгейін тұрақты бақылау, дене салмағы мен тамақтануға көңіл бөлу маңызды. Темекіден бас тартып, алкоголь мен тұзды тұтынуды шектеу, көбірек қимылдау және созылмалы ауруларды дер кезінде емдеу қажет. Бұрын инсульт алған адамдар профилактикаға ерекше мән бергені жөн, өйткені аурудың қайталану қаупі жоғары болып қала береді», — деді дәрігер.

Инсульт кезінде уақытпен санасу маңызды. Беттің қисайуы, қолдың әлсіреуі немесе сөйлеудің бұзылуы сияқты белгілердің кез келгені жедел жәрдемді дереу шақыруға себеп болуы керек. Адам білікті медициналық көмекті неғұрлым ерте алса, оның өмірін сақтап қалу, ауыр мүгедектіктің алдын алу және жоғалған функцияларды қалпына келтіру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Back to top button