Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 16-орынға көтерілді. Осылайша, екі жыл ішінде 24-орыннан жоғарылап, электрондық үкіметі барынша дамыған 21 мемлекетті біріктіретін жоғары рейтингтік топқа алғаш рет енді.
Ұсынылған деректерге сәйкес, Қазақстанның индекс көрсеткіші 2024 жылғы 0,9009-дан 2026 жылы 0,9363-ке дейін өскен. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан бірінші орында тұр. Рейтингте Өзбекстан – 32-орында, Әзербайжан – 38-орында, Ресей 50-орында орналасқан.
Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасында Қазақстанның байланыс және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудағы жетістіктері атап өтілген. Ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша еліміз 41-орыннан 13-орынға көтерілді. Сондай-ақ цифрлық сауаттылық пен білім беру көрсеткіштері де жақсарған.
Баяндамада интеграцияланған цифрлық мемлекет үлгісі ретінде eGov.kz және eGov Mobile платформаларына жеке тоқталған. Сонымен қатар alem.ai орталығы мен азаматтар мен бизнеске арналған цифрлық қызметтерді дамыту бастамалары аталған.
2026 жылы Қазақстан, Ирландия және Польша алғаш рет ең жоғары рейтингі бар топқа енді.
