Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕН БАӘ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУДА

 

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері инвестициялық және сауда серіктестігін кеңейте отырып, экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтып келеді.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы іс-шараларға қатысу үшін ресми делегацияны бастап келген БАӘ Сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Әл Зеюдимен кездесті.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және логистика, қаржы мен технология салаларындағы серіктестік перспективаларын талқылады. Кездесуде өзара іс-қимылдың тұрақты өсімі мен бірлескен бастамалардың кеңейіп келе жатқаны атап өтілді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына шамамен 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, еліміздің ірі инвесторларының қатарына енді. Ал 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында екіжақты тауар айналымы 45,8 млн АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде Қазақстанның БАӘ-ге экспорты 42,1 пайызға артқан.

Қазақстан тарапы Alatau City жобасының инвестициялық әлеуетімен таныстырып, агроөнеркәсіптік сектор мен қаржы саласындағы, оның ішінде исламдық қаржыландыру бағытындағы серіктестік мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытып, бірлескен инвестициялық жобаларды кеңейтуге ниетті екенін растады.

Back to top button