Соңғы айларда Қазақстанның әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде заңды ойын мекемелерінің танымал брендтері ретінде жасырылған онлайн-казинолардың жарнамасы белсенді түрде таралуда. Жарнамалық баннерлерде нақты казинолардың атаулары, логотиптері, визуалдық стилі, ғимараттарының фотосуреттері, тіпті жасанды интеллект көмегімен өңделген бейнероликтер де қолданылады. Мұның бәрі пайдаланушыларда бұл қызмет мемлекет тарапынан рұқсат етілген деген жалған әсер қалыптастырады. Алайда іс жүзінде бұл — азаматтарды интернет арқылы тыйым салынған құмар ойындарға тартуға бағытталған классикалық алаяқтық схема.
Схема қалай жұмыс істейді
Қаскөйлер қазақстандық казинолардың брендтерін айнытпай көшіретін парақшалар мен қосымшалар жасайды. Бейнероликтер мен баннерлерде «онлайн-казино жетекші серіктестермен жұмыс істейді» немесе «ұсынылып отырған платформа — белгілі қазақстандық ойын орнының ресми онлайн-нұсқасы» деген мазмұндағы мәлімдемелер айтылады. Ірі компаниялардың логотиптері көрсетіліп, нақты қазақстандық есімдер мен қалалар көрсетілген «жеңімпаздар тізімдері» жарияланады. Мұның бәрі заңдылық пен сенімділіктің жалған сезімін қалыптастырады.
Сілтемеге өткеннен кейін пайдаланушыға қосымшаны жүктеу немесе ішкі шотты толтыру ұсынылады. Шындығында, мұндай ресурстардың Қазақстан заңнамасы шеңберінде жұмыс істейтін және уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауындағы казиноға ешқандай қатысы жоқ.
Қазақстанда онлайн-казиноларға тыйым салынған
Айта кету керек: Қазақстанда онлайн-казино қызметіне заңмен тыйым салынған. Арнайы белгіленген аймақтарда орналасқан ойын мекемелеріне ғана рұқсат етіледі. Олар қатаң тексерулерден өтеді және уәкілетті органға өз жұмысының барлық аспектілері туралы — қаржылық есептілік пен операциялық процестерден бастап белгіленген нормалар мен реттеуші талаптардың орындалуына дейін үнемі хабарлауға міндетті.
Қазақстанда бірде-бір заңды казино онлайн-ойындарды жарнамаламайды және іске қоспайды. Сондықтан онлайн-казиноға байланысты бренд туралы кез-келген ескерту автоматты түрде алаяқтықтың белгісі болып табылады. Брендтердің заңсыз пайдаланылу фактілері анықталған жағдайда, заңды казинолардың өкілдері бұл туралы уәкілетті органға хабарлап, жедел әрекет етуге және мұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Мұндай схема несімен қауіпті
Алаяқтық онлайн-казинолар азаматтарға үлкен қауіп төндіреді.
Пайдаланушы шотты толтыра отырып, іс жүзінде ешқандай кепілдікке ие болмайды-қаражат заңды механизмдермен қорғалмаған және оны қайтару мүмкін емес. Жеке деректердің таралып кету қаупі бар, оларды кейінірек қайта шабуылдау үшін немесе жаңа алдау схемаларында пайдалануға болады.
Шынайы казино брендтерін пайдалану заңдылық елесін тудырады, адамдарды адастырып, салаға деген сенімге нұқсан келтіреді. Нәтижесінде жеке тұлғалар ғана емес, заң талаптары мен нормативтік стандарттарды қатаң сақтайтын беделді ойын мекемелері де зардап шегеді.
Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетінің ақпараты бойынша, ведомство заңсыз құмар ойындар мен заңсыз лотерея сервистерін анықтау мақсатында интернет-кеңістіктің мониторингін тұрақты негізде жүргізеді. Табылған ресурстар бұғатталып, материалдар одан әрі шаралар қолдану үшін құзыретті органдарға беріледі.
