Жаңалықтар

АЛАЯҚТАР ҚЫСҚЫ ШИНА САТЫП АЛУШЫЛАРДЫ НЫСАНАҒА АЛА БАСТАДЫ

Қазақстанда автокөлік шиналарын ауыстыру маусымының басталуына байланысты интернет-алаяқтық қаупі артты. Қаскөйлер қысқы шиналарға деген жоғары сұранысты пайдаланып, онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілерде тауарды тартымды бағамен ұсынатын жалған хабарландырулар жариялауда.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар тауар қорының шектеулі екенін айтып, алдын ала төлем жасауды немесе тауарды брондау үшін кепілақы аударуды талап етеді. Ақшаны алғаннан кейін сатып алушылардың хабарламаларына жауап бермей, оларды бұғаттап, хабарландыруларды өшіріп тастайды.

Ведомство өкілдері тауарды қолына алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға ақша аудармауға, шиналардың бар-жоғын және жай-күйін тексеруге, сондай-ақ сенімді сауда орындарына жүгінуге кеңес береді. Бағаның күмәнді түрде төмен болуы және төлемді шұғыл жасауды талап етуі сатып алушыларды сақтандыруы тиіс.
Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк деректерін бермеу және бөгде адамдарға SMS-кодтарды хабарламау қажет.

Алаяқтыққа тап болған жағдайда, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу керек.

Back to top button