Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Алматы облысында «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында дәстүрлі тамыз педагогтер конференциясы өтті. Жиында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, жаңа оқу жылына арналған басым бағыттар айқындалды.

Білім сапасын арттыру – негізгі бағыттардың бірі. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде мектеп инфрақұрылымын дамытуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға, жастарға құқықтық тәрбие беруге және сұранысқа ие мамандар даярлауға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

2026 жылы білім беру саласын қаржыландыру көлемі 458,2 млрд теңгеге жетті. Оқушылар саны жыл сайын 7-10 мың адамға артып келеді. Бұл педагог кадрларға деген қажеттілікті арттырып отыр. Осыған байланысты еңбекақы төлеу қорына қосымша шамамен 7 млрд теңге бағытталды.

Қонаев қаласындағы 24 мектепке дейінгі ұйымдағы 2 951 орынға ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске асырылуда. Оның нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны 963-тен 470-ке дейін қысқарды. Ата-аналар үшін 365 консультациялық орталық жұмыс істейді.

Облыстың бес мектебі Қазақстандағы үздік 100 мектептің қатарына енді. Үш жыл ішінде дарынды оқушылардың жүлделі нәтижелерінің сапасы 54%-ға артқан. Өткен оқу жылында оқушылар пәндік олимпиадаларда 303 жүлделі орын иеленсе, тағы 29 оқушы халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды.

Өңірдің білім беру жүйесінде 34 767 педагог еңбек етеді. Олардың 74,8%-ының біліктілік санаты бар. Жаңа форматтағы біліктілік санаттарына ие мамандардың үлесі 28,2%-ға жетті.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға сұранысқа ие мамандықтарды ашу үшін 500 млн теңге бөлінді. WorldSkills Kazakhstan чемпионатында өңір студенттері 12 жүлделі орынға ие болды.

Саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Қаражаттың пайдаланылуын ашық әрі тиімді бақылауды қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай «Есеп» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Айқожа Абсадықов жаңа оқу жылында бірқатар өзгеріс енгізілетінін хабарлады. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарда бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалау алынып тасталады. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды оқытуға басымдық беріліп, 8-9 сыныптарға «Қазақстан географиясы» пәні енгізіледі.

Конференция қорытындысы бойынша жаңа оқу жылына арналған міндеттер белгіленген бұрыштама қабылданды. Сала дамуына елеулі үлес қосқан педагогтер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Back to top button