Бала тақтадағы жазуды жақсы көріп, кітап оқып, үй тапсырмасын орындай алуы мүмкін. Алайда соған қарамастан, оның көру қабілетінде қиындықтар болуы ықтимал. Өйткені бала көру қабілетіндегі өзгерістерді үнемі байқай бермейді немесе өзінің басқалардан өзгеше көретінін түсінбеуі мүмкін.
INFO MONITORING редакциясының тілшісі Қонаев қалалық көпбейінді ауруханасының офтальмолог дәрігері Картекова Жанар Қанышқызымен сұхбаттасып, мектеп оқушыларының көру қабілетін дер кезінде тексерудің маңызы туралы әңгімелесті.
Жанар Қанышқызының айтуынша, мектеп жасында балалардың көзіне түсетін жүктеме айтарлықтай артады. Олар көп оқиды, жазады, телефон мен компьютерді жиі пайдаланады. Ал көру қабілетінің кейбір бұзылыстары ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін. Бала көзін сығырайтуға, дәптерге жақын еңкеюге немесе экранға тым жақын отыруға дағдыланып, бұл туралы үлкендерге айта бермейді.
Мәселені дер кезінде қалай байқауға болатыны туралы сұраққа офтальмолог дәрігер баланың көзін жиі сығырайтуы, уқалауы, оқудан кейін басының ауыратынына немесе көзінің шаршайтынына шағымдануы сияқты белгілерге назар аударуға кеңес берді. Кейде бала мәтінді оқығанда жолдан жаңылып, кітапты бетіне тым жақын ұстайды, басын қисайтады немесе тақтаға жақын отыруға тырысады. Мұндай белгілердің болуы міндетті түрде көру қабілетінің бұзылғанын білдірмейді. Дегенмен бұл дәрігермен кеңесуге себеп болуы тиіс.
Дәрігердің сөзінше, балалар көру қабілетінің өзгергенін үнемі сезіне бермейді. Ал бір көзі екіншісіне қарағанда жақсы көрсе, бала күнделікті тапсырмаларды бұрынғыдай орындап, айырмашылықты байқамауы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексеру оқу мен күнделікті өмірге кедергі келтірмей тұрып, ықтимал мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Ата-аналар баланың шағымдануын күтпеуі керек. Оның көру қабілетін офтальмологқа жүйелі түрде тексертіп тұрған жөн. Әсіресе отбасында көру қабілетінің бұзылу жағдайлары кездессе немесе алаңдатарлық белгілер байқалса, тексеруді кейінге қалдырмаған маңызды. Мектептегі көру қабілетін тексеру де пайдалы, алайда қандай да бір ауытқу анықталса немесе күмән туындаса, ол толыққанды медициналық тексеруді алмастыра алмайды, деп атап өтті Картекова.
Сондай-ақ офтальмолог дәрігер сабақ оқу кезінде үзіліс жасап, таза ауада көбірек серуендеуге және жарық жеткілікті жерде кітап оқуға кеңес берді. Мұндай әдеттер көру қабілетін сақтауға көмектескенімен, медициналық тексерудің орнын баспайды.
