Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Германияның HORSCH Maschinen GmbH компаниясының негізін қалаушы Михаэль Хоршпен кездесіп, өндірісті одан әрі жергіліктендіру, өндірістік қуаттарды жаңғырту және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан дайын техниканы жеткізумен ғана шектелмей, технологиялар трансферіне, отандық өндірісті дамытуға және машина жасау саласында жаңа құзыреттер қалыптастыруға мүдделі.
Өз кезегінде Михаэль Хорш инвестициялық жобаны қолдағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтып, компанияның технологиялық ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Қазақстанда HORSCH техникасын өндіруді жергіліктендіру жұмыстары 2020 жылы Петропавл қаласындағы «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС базасында басталды. 2021 жылы Қазақстан Үкіметі мен кәсіпорын арасында HORSCH және CLAAS техникасын шығаруды көздейтін арнайы инвестициялық келісімшарт жасалды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгеден асты.
2021 жылғы қыркүйектен бері кәсіпорын жалпы құны 35,4 млрд теңге болатын 295 дана HORSCH Sprinter тұқым себу кешенін шығарды. Сонымен қатар 864 комбайн, 397 трактор және 621 CLAAS жаткасы өндірілді. Бұл техниканың жиынтық құны 246 млрд теңгені құрады.
