Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өз еркімен бас тартқан азаматтардың арнайы тізімі жүргізіледі. Бұл тізімге eGov Mobile қосымшасы арқылы өтініш беру негізінде тіркелуге болады. Өзін-өзі шектеу мерзімі алты айдан он жылға дейін белгіленеді. Ал заңды негізде жұмыс істейтін құмар ойындарды ұйымдастырушылар мұндай азаматтардың ойындар мен бәске қатысуына жол бермеуге міндетті.
Бұған дейін INFO MONITORING редакциясы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысудан өз еркімен бас тартқан азаматтар туралы мәліметтерге жұмыс берушілердің шектеулі қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігі туралы мәселе көтерген болатын.
Кейбір кәсіпкерлердің пікірінше, мұндай ақпаратты қызметкерлерді қаржы және материалдық құндылықтарды басқаруға байланысты лауазымдарға тағайындау кезінде ескеруге болады. Осындай тәсілді мемлекеттік секторда да, әсіресе бюджет қаражатына билік ететін тұлғаларға қатысты қарастыру ұсынылған еді.
Алайда өзін-өзі шектеу туралы мәліметтердің практикалық маңызы болуы мүмкін тағы бір сала бар. Ол — банктік және микрокредиттік қаржыландыру.
Өзін-өзі шектеу тетігін пайдаланған азаматтар туралы мәліметтер құпия ақпарат болып саналады. Оларға қол жеткізу тәртібі «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабымен реттеледі. Сонымен қатар өзін-өзі шектеу құмар ойындарға қатысуды толық тоқтатуға кепілдік бермейді.
Заңды ойын ұйымдастырушылары белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Бірақ, Қазақстанда қызметіне тыйым салынған онлайн-сервистер бұл талаптарды орындамайды. Соның салдарынан өзін-өзі шектеу рәсімінен өткен азаматтар мұндай платформалар арқылы, соның ішінде қарыз қаражатын пайдаланып, ойын ойнауды жалғастыра алады.
2024 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов интернет-казинолардың пайдасына төлем жасайтын қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшейтілгенін хабарлаған болатын. Мұндай азаматтар үшін борыш жүктемесінің коэффициенті 50%-дан 25%-ға дейін төмендетілді. Бұл несие алу кезінде рұқсат етілетін борыш жүктемесінің едәуір азаятынын білдіреді.
Агенттік өкілінің айтуынша, мұндай төлемдер туралы мәліметтер банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жинақталады. Демек, азаматтардың құмар ойындарға қатысуына қатысты ақпарат несие беру тәуекелдерін бағалау кезінде қазірдің өзінде ескеріліп отыр.
Осыған орай өзін-өзі құмар ойындар мен бәс тігуден шектеген азаматтардың дерекқорын да пайдалану мүмкіндігін неге қарастырмасқа деген сұрақ туындайды.
Мұндай мәліметтер қарыз алушыларды шамадан тыс борыш жүктемесінен қорғаудың қосымша құралына айналуы мүмкін. Мәселен, өзін-өзі шектеу рәсімінен өткен азаматтар үшін несие берер алдында күту мерзімін ұзарту, төлем қабілеттілігін қосымша тексеру немесе ірі көлемдегі қарыз алу кезінде сенім білдірілген тұлғаның ерікті растауын алу тетігін енгізуге болады.
Сонымен бірге өзін-өзі шектеуді автоматты түрде ойынға тәуелділікпен теңестіруге болмайды. Азамат мұндай шешімді тек алдын алу мақсатында да қабылдауы мүмкін. Сондықтан мәселе несие алуға тыйым салуда емес, азаматтардың құқықтарын негізсіз шектемей, оларды қаржылық тәуекелдерден қорғаудың қосымша тетіктерін енгізуде болуы тиіс.
Бұл мәселе Қазақстанда қызметіне тыйым салынған, өзін-өзі шектеу талаптарын сақтамайтын онлайн-құмар ойын сервистерінің жұмысын ескерсек, ерекше өзекті бола түседі. Азамат тиісті тізімге енгізілгеннен кейін де мұндай платформаларда ойын ойнауды жалғастырып, қарыз алып, берешегін көбейтуі мүмкін.
Егер мемлекет ойын сервистерінің пайдасына жасалған төлемдер туралы мәліметтерді несие тәуекелдерін шектеу үшін пайдаланып отырса, құмар ойындардан өз еркімен бас тартқан азаматтарға қатысты да осындай қорғаныс тетіктерін қолдану мүмкіндігін қарастырған жөн. Өйткені өзін-өзі шектеудің мақсаты — адамды заңды ойын орындарына жібермеумен ғана шектелмейді. Ең бастысы — оның осындай шешім қабылдауына себеп болған қаржылық зардаптардың алдын алуға көмектесу.
