Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ ЖОҒАРЫ ӨСІМ ҚАРҚЫНЫН САҚТАП ОТЫР

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың Қазақстанның дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.

Құрылыс саласы Қазақстан экономикасының өсіміне елеулі үлес қосатын негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Оның елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды.

Алғашқы алты айда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салада 10,7 трлн теңгенің жұмысы орындалды. Өсім шамамен 17,5%-ды құрады.

Саланың негізгі өсім драйверлері – инфрақұрылымдық жобалар, тұрғын үй құрылысы және инвестициялық белсенділіктің артуы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген ҚР жаңа Құрылыс кодексінің күшіне енуі де салаға қосымша серпін бермек. Құжат нысандардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтуді, құрылыс бақылауын цифрландыруды, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын кеңейтуді және талап бұзушылықтарға қатысты шараларды қатаңдатуды көздейді. Сондай-ақ сейсмикалық тәуекелдерге және нысандардың кепілдік пайдалану мерзімдерін ұлғайтуға ерекше назар аударылған.

Сонымен қатар құрылыс материалдарын отандық өндіру көлемі де артып келеді. Қазақстандық кәсіпорындар ішкі нарықтың 70%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бүгінде салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ал 2026 жылы жалпы құны 202,2 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 3,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Back to top button