Алматы облысында америкалық бизнес өкілдерінің қатысуымен үш жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобаларға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 248,5 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 550-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
АҚШ-пен ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы өңір басшысы Шыңғыс Әрінов АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесуде айтты.
Әкімдіктің мәліметінше, былтыр облыстың АҚШ-пен тауар айналымы 81 млн доллардан асқан. Қазіргі уақытта өңірде америкалық капиталдың қатысуымен құрылған тоғыз кәсіпорын тіркелген. Импорттың негізгі бөлігін көлік құралдары, автокөлік бөлшектері, фармацевтикалық және косметикалық өнімдер құрайды.
Кездесу барысында тараптар жаңа инвестициялар тарту, технология алмасу және өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамыту мәселелерін де талқылады. Шыңғыс Әрінов АҚШ штаттарының бірімен әріптестік орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ өңір өндіріс саласына инновациялық әзірлемелерді енгізу мақсатында АҚШ-тың ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі.
Питер Кауфман екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы алты жылда екіжақты сауда көлемі екі есе өсіп, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы 17 млрд долларға жеткен.
