Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы біртіндеп біржолғы науқандарға емес, қалалық ортаның сапасын және қоғамның мінез-құлқын ұзақ мерзімді тұрғыда өзгертуге бағытталған экологиялық жауапкершіліктің орнықты моделіне айналып келеді.
Қонаев қаласында «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі негізде жүзеге асырылып, қазірдің өзінде нақты бағаланатын нәтижелер көрсетіп отыр. Жыл басынан бері жалпықалалық сенбіліктерге шамамен 10 мың тұрғын қатысты. Бастамаға шағын және орта бизнес те белсенді түрде қосылып, 2 мыңнан астам кәсіпкер өз нысандарына іргелес аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде қала аумағынан 140 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 450 түп ағаш отырғызылды. Қонаев қаласы мен Шеңгелді ауылдық округі аумағында 20 заңсыз қоқыс орны жойылды.
Сонымен қатар санитарлық нормаларды сақтау және абаттандыру қағидаларын орындау бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы («Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылымды бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау») бойынша 1 мыңнан астам хаттама толтырылып, нәтижесінде 1,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы («Қоғамдық орындарды ластау») бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7 млн теңгеден асты.
Жалпы алғанда, Алматы облысы бойынша жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына шамамен 800 мың адам, 8 836 кәсіпорын мен ұйым қатысып, 4 мыңға жуық техника бірлігі жұмылдырылды. Нәтижесінде 11 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 109,8 мың түп ағаш отырғызылды. 3 048 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласы, 55 парк пен сквер, 1 090 тарихи-мәдени ескерткіш және 1 055 әлеуметтік нысан тазартылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық және тазалық мәселелері өмір сүру сапасына, аумақтардың тұрақты дамуына және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға тікелей байланысты екенін үнемі атап өтеді. Қонаев қаласы мен Алматы облысының тәжірибесі қоғамның белсенді қатысуы мен нақты ұйымдастыру жағдайында «Таза Қазақстан» формалды науқан емес, оң өзгерістерге ықпал ететін нақты жұмыс істейтін құралға айналатынын көрсетеді.
Бұл бастама — қалалық ортаның тазалығы қалыпты құбылысқа айналатын, ал қоршаған кеңістікке қамқорлық мемлекет, бизнес және азаматтардың ортақ міндеті болатын болашаққа салынған инвестиция.
