Қазақстанда бизнес саласындағы лицензиялар мен рұқсаттарды алуға арналған 12 мемлекеттік қызмет автоматты режимде көрсетіледі. Яғни өтінімдерді мемлекеттік органдардың қызметкерлері қолмен тексермейді. 2024 жылдан бері eLicense.kz порталы арқылы осындай тәсілмен 87 088 қызмет көрсетілген.
Автоматтандыру нәтижесінде кейбір лицензиялар мен рұқсаттарды алу мерзімі 15- 30 күнтізбелік күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Электронды өтінім берілгеннен кейін жүйе қажетті мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан өздігінен сұратады, белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және тиісті шешім шығарады.
Бұл тетік құрылыс, ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларында қолданылады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсупованың айтуынша, шешім қабылдауды автоматтандыру әкімшілік рәсімдерді қайта қарау, артық талаптарды жою және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау нәтижесінде мүмкін болды.
Алдағы уақытта цифрлық деректер мен белгіленген талаптар негізінде автоматтандыруға болатын өзге де мемлекеттік қызметтерге осы тәжірибені енгізу жоспарланып отыр.
